20-бап. Əкімшіліктің функцияларын беру
1. Əкімшілік осы Конституциялық заңда жəне əкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде көзделген жекелеген іске асыру жəне (немесе) бақылау функцияларын жүзеге асыруды əкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалатын тəртіппен жəне шарттарда əкімшіліктің органдарына, Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдарына, сондай-ақ аккредиттелген ұйымдарға, аудиторларға жəне қоғамдық бірлестіктерді қоспағанда, өзге де тұлғаларға (бұдан əрі осы бапта - уəкілетті тұлғалар) беруге құқылы.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы бақылау функциялары бəсекелес ортаға беруге жатпайды.
2. Беру уақытша, тұрақты болуы немесе нақты бір əрекетті жүзеге асыру мақсатында болуы мүмкін.
3. Уəкілетті тұлғалар əкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде тікелей көзделген жағдайларда жəне шектерде шешімдер қабылдауды, ұйғарымдар шығаруды жəне жауапкершілік шараларын қолдануды қоса алғанда, өздеріне берілген өкілеттіктерді ұсынылған көлем шегінде жүзеге асырады.
4. Уəкілетті тұлғалар өздеріне берілген өкілеттіктер шегінде қабылдаған шешімдер əкімшіліктің шешімдері болып есептеледі.
5. Əкімшілік жекелеген жауапкершілік шаралары мен жедел ден қою шараларын қолдануды тек қана əкімшілік жүзеге асырады деп белгілеуге құқылы.
6. Қызметті тоқтата тұруға не қызметті өзге де елеулі шектеуге байланысты жедел ден қою шаралары беруге жатпайды.
7. Беру əкімшіліктің жария өкілеттіктерінің көлемі мен сипатын өзгертпейді жəне оның уəкілетті тұлғалар шешімдерін қайта қарау, олардың күшін жою не оларды өзгерту құқығын жоққа шығармайды.
8. Уəкілетті тұлғалар əкімшіліктің нормативтік құқықтық актілері мен Қазақстан Республикасының заңдарына сəйкес жауапты болады.
21-бап 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі
21-бап. Əкімшіліктің басқару органдары
Əкімшіліктің басқару органдары:
1) Кеңес - əкімшіліктің жоғары алқалы басқару органы;
2) реттеуші комиссия - Алатау қаласын институционалдық дамытуды қамтамасыз ететін алқалы орган;
3) бас атқарушы директор - əкімшіліктің қызметіне басшылықты жүзеге асыратын атқарушы орган;
Əкімшіліктің өзге де басқару органдары, олардың өкілеттіктері, реттеуші комиссияның жəне əкімшіліктің бас атқарушы директорының өкілеттіктері əкімшілік туралы ережеде жəне (немесе) жоғарыда көрсетілген басқару органдары туралы ережелерде айқындалады.
22-бап 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі
22-бап. Кеңес
1. Кеңес - Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі басқаратын əкімшіліктің тұрақты жұмыс істейтін жоғары алқалы басқару органы.
2. Кеңестің дербес құрамын жəне ол туралы ережені Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
3. Кеңестің тəуелсіз мүшелерінің саны Кеңестің барлық мүшелері санының қырық пайызынан кем болмауға тиіс.
4. Кеңестің негізгі міндеттері:
1) Алатау қаласының стратегиялық даму бағыттарын айқындау;
2) арнаулы құқықтық режимнің мақсатына қол жеткізуге жəне міндеттерін орындауға саяси, əкімшілік, қаржылық жəне инвестициялық жағынан жəрдемдесу;
3) арнаулы құқықтық режимнің қағидаттарына сəйкес Алатау қаласын мемлекеттік басқаруды ұйымдастыруға жəрдемдесу;
4) Алатау қаласын дамытуды мемлекеттік-жекешелік қаржыландыруды қамтамасыз ету.
5. Кеңестің құзыретіне мыналар жатады:
1) əкімшіліктің жағдайын, қызметінің режимін, оны басқару тəртібін, əкімшілік органдарын қалыптастыру тəртібін жəне əкімшілік пен əкімшілік органдарының мүліктік құқықтарды, оның ішінде оларға мемлекеттік мүлікті иеленуге, пайдалануға жəне билік етуге берілген мүліктік құқықтарды жүзеге асыруының өзге де ерекшеліктерін айқындау;
2) Алатау қаласының мəслихатымен келісу бойынша Алатау қаласының əкімін тағайындау;
3) Алатау қаласы əкімшілігінің бас атқарушы директорын, оның орынбасарларын тағайындау;
4) əкімшіліктің бюджетін бекіту;
5) Алатау қаласының дизайн-кодын бекіту;
6) осы Конституциялық заңмен жəне Кеңес туралы ережемен құзыретіне жатқызылған мəселелер бойынша реттеуші ережелер түріндегі əкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерін бекіту;
7) əкімшіліктің жекелеген іске асыру жəне (немесе) бақылау функцияларын жəне олармен байланысты құзыреттер мен өкілеттіктерді беру туралы шешім шығару;
8) əкімшілік бюджетінің атқарылуы туралы жылдық есеп те қамтылған Алатау қаласын дамыту туралы жылдық есепті бекіту;
9) əкімшіліктің қаржылық есептілігінің, оның қызметінің тиімділігінің жəне əкімшіліктің қарамағындағы қаржы қаражатын пайдаланудың сыртқы аудитін жүзеге асыратын халықаралық аудиторлық ұйымды айқындау;
10) əкімшіліктің өзге де басқару органдарын құру, олардың құрылымын, құзыреті мен өкілеттіктерін айқындау, əкімшіліктің өкілдіктер құруы туралы, оның коммерциялық емес жəне коммерциялық ұйымдар құруы, оларға қатысуы туралы шешім шығару;
11) əкімшіліктің бас атқарушы директорының ұсынуы бойынша əкімшілік пен əкімшілік органдарының ұйымдық құрылымы мен штат санының лимитін бекіту;
12) Алатау қаласында əкімшілік-аумақтық бірліктерді құру мен тарату, оларды басқару, олардың шекараларын белгілеу жəне өзгерту мəселелерін қоса алғанда, Алатау қаласындағы əкімшілік-аумақтық құрылыс мəселелерін шешу;
13) осы Конституциялық заңда жəне (немесе) Кеңес туралы ережеде көзделген өзге де мəселелер.
6. Кеңестiң құзыретiне кiретiн мəселелердi жедел шешу мақсатында Кеңес əкiмшiлiк қабылдайтын барлық немесе жекелеген реттеушi ережелердi бекiту жөнiндегi өз өкiлеттiктерiн реттеушi комиссияға беруге құқылы.
Кеңес Кеңестің кейбір өкілеттіктерін осы комитеттерге бере отырып, Кеңес мүшелерінің қатарынан Кеңестің комитеттерін құруға да құқылы.
Бұл жағдайда Кеңес комитеті мүшелерінің саны кемінде бес адамды құрауға, олардың қырық пайызы тəуелсіз болуға тиіс.
7. Əкімшілікте қабылданатын шешімдердің сапасын арттыру мақсатында Кеңес тиісті консультативтік-кеңесші органның қарау нысанасы болатын мəселелерде мінсіз беделі мен мол тəжірибесі бар шетелдік жəне қазақстандық мамандар мен сарапшылар қатарынан əкімшілікте жəне (немесе) əкімшілік органдарында консультативтік-кеңесші алқалы органдар құруға құқылы.
Кеңестің тəуелсіз мүшелері, əкімшіліктің құрылатын алқалы басқару органдарының мүшелері, сондай-ақ əкімшіліктегі жəне əкімшілік органдарындағы консультативтік-кеңесші органдардың мүшелері жүктелген функцияларды орындағаны үшін сыйақы жəне осы органдардың жұмысына қатысуға тікелей байланысты шығыстардың өтемақысын алуға құқылы. Сыйақылар мен шығыстар өтемақыларының көрсетiлген мəселелерiн Кеңес əкiмшiлiктің қаражатынан айқындайды.
23-бап 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
23-бап. Алатау қаласының мəслихаты
1. Осы Конституциялық заңға сəйкес Алатау қаласының мəслихаты - Алатау қаласы халқының еркін білдіретін жəне Алатау қаласындағы жергілікті маңызы бар мəселелерді шешу жөніндегі құзыреттер берілген Қазақстан Республикасының жергілікті өкілді органы.
2. Алатау қаласы мəслихатының қарауына мыналар жатады:
1) Алатау қаласының əлеуметтік-экономикалық сипаттағы жоспарлары мен əлеуметтік даму бағдарламаларын, жергілікті бюджетті жəне олардың атқарылуы туралы есептерді бекіту;
2) əкімшіліктің ұсынуы бойынша Алатау қаласында əкімшілік-аумақтық бірліктерге атау беру жəне олардың атауын өзгерту туралы шешім қабылдау;
3) Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңнамасына сəйкес аумақтық жəне учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау;
4) əкімшіліктің ұсынуы бойынша Алатау қаласының нышанын бекіту;
5) Алатау қаласының əкімі лауазымына тағайындауды келісу;
6) жария тыңдаулар өткізуді жəне азаматтардың бастамаларын, жолданымдары мен петицияларын қарауды қоса алғанда, кері байланыс жəне азаматтық қатысу тетіктерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
7) əкімдіктің құзыреті шегінде жергілікті маңызы бар мəселелер бойынша қала əкімінің жəне өзге де лауазымды адамдардың есептерін тыңдау;
8) Алатау резиденттерінің Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңдардың, Қазақстан Республикасы Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметі актілерінің, Алатау қаласы заңнамасының нормаларын орындауға жəрдемдесу;
9) əлеуметтік көмек көрсету қағидаларын бекіту, əлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу жəне Қазақстан Республикасының мұқтаж азаматтарының жекелеген санаттарының тізбесін айқындау, білім беру жəне денсаулық сақтау саласындағы мамандарға, оның ішінде Алатау қаласының жергілікті бюджеті есебінен тұрғын үй сатып алуға немесе салуға арналған əлеуметтік қолдау шаралары мен жеңілдіктердің ең аз кепілдік берілген көлемін айқындау;
10) Алматы облысы мəслихатының Алатау қаласындағы əлеуметтік-экономикалық мəселелер жəне Алатау қаласының тыныс-тіршілігі мен оны дамытуға байланысты мəселелер жөніндегі өкілеттіктерін жүзеге асыру;
11) Қазақстан Республикасының заңдарына сəйкес азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету жөніндегі, əкімшіліктің өкілеттіктеріне жатқызылмаған өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.
3. Алатау қаласының мəслихаты өз қызметін жүзеге асыру кезінде цифрлық платформаларды жəне азаматтар қатысатын жəне Алатау резиденттерінің бастамаларын, ескертулері мен ұсыныстарын жинайтын өзге де заманауи нысандарды пайдалануға құқылы.
4. Алатау қаласы мəслихатының өз қызметін тұрақты немесе еркін негізде жүзеге асыратын депутаттарының саны мəслихат төрағасын қоса алғанда, кемінде бес адам болып белгіленеді.
5. Мəслихат аппараты шығыстарының мөлшерін, оны ұйымдастыруды жəне тұрақты немесе еркін негізде жұмыс істейтін депутаттар санын айқындауды қоса алғанда, Алатау қаласы мəслихатының қызметін қамтамасыз ету нормаларын Алатау қаласының мəслихаты төрағасының ұсынуы бойынша Кеңес белгілейді.
6. Əкімшілік мəслихат пен оның органдарын ұйымдастырушылық, құқықтық, материалдық-техникалық жəне өзге де қамтамасыз етуге қатысуға, сондай-ақ депутаттарға өз өкілеттіктерін жүзеге асыруда көмек көрсетуге міндетті.
7. Алатау қаласының мəслихаты өз қызметінде:
1) Алатау қаласының стратегиялық құжаттарына сəйкес оның тыныс-тіршілігі мен оны дамытудың негізгі бағыттарына сəйкес келмейтін шешімдер қабылдануына жол бермеуге;
2) Алатау қаласының стандарттарын ұстануға міндетті.
8. Алатау қаласының мəслихатын құру мен оның қызметін ұйымдастырудың осы Конституциялық заңның ережелеріне жəне Алатау қаласы заңнамасының актілеріне қайшы келмейтін өзге де мəселелері «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару жəне өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.
24-бап (7-тармақтың 4) тармақшасын қоспағанда) 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі
24-бап. Алатау қаласының əкімдігі
1. Алатау қаласының əкімі - Қазақстан Республикасы Президентінің жəне Қазақстан Республикасы Үкіметінің өкілі. Əкім Кеңеске жəне мəслихатқа есеп береді.
2. Əкім Алатау қаласының жергілікті атқарушы органы - Алатау қаласының əкімдігін басқарады.
3. Əкімдік - Алатау қаласының заңнамасына сəйкес өз құзыреті шегінде Алатау қаласында жергілікті мемлекеттік басқаруды жəне өзін-өзі басқаруды жүзеге асыратын, Алатау қаласының əкімі басқаратын алқалы атқарушы орган.
Əкімдіктің алқалы орган болуын əкім, оның орынбасарлары жəне Алатау қаласында жергілікті мемлекеттік басқарудың жекелеген функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың басшылығы өз құзыреті шегінде қалыптастырады.
4. Əкімдік көше-жол желісінің, көліктік инфрақұрылымның өзге де жерүсті объектілерінің, инженерлік инфрақұрылым объектілерінің, əлеуметтік-мəдени мақсаттағы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, денсаулық сақтау, білім беру, мектепке дейінгі тəрбие жүйесі мемлекеттік объектілерінің жəне республикалық жəне жергілікті бюджеттер қаражатынан қаржыландырылатын немесе əкімшілік немесе ол уəкілеттік берген ұйым əкімдіктің қарауына берген басқа да объектілердің ағымдағы жай-күйі үшін жауапты болады.
5. Əкімдіктің жəне оның жергілікті мемлекеттік басқарудың жекелеген функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдарының құрамы мен құрылымын, олардың ережелерін Кеңес айқындайды.
6. Алатау қаласында жергілікті мемлекеттік басқарудың жекелеген функцияларын жүзеге асыратын, əкімдіктің құрамына кіретін мемлекеттік органдар Кеңестің шешімі негізінде құрылады, қайта ұйымдастырылады жəне таратылады.
7. Əкімдіктің қарауына мыналар жатады:
1) Алатау қаласының əлеуметтік-экономикалық сипаттағы жоспарлары мен əлеуметтік даму бағдарламаларын, Алатау қаласының жергілікті бюджетін əзірлеу жəне олардың атқарылуын қамтамасыз ету;
2) коммуналдық меншікті басқару;
3) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесі үшін Кеңестің шешімі бойынша əкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерімен əкімдікке жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру;
4) Алатау қаласында білім беру, денсаулық сақтау саласындағы жəне Кеңестің шешімі бойынша əкімшілік айқындаған өзге де мəселелер бойынша мемлекеттік саясатты іске асыру.
8. Алатау қаласының əкімін Кеңес бес жылға тағайындайды.
1) Алатау қаласындағы істердің ағымдағы жай-күйі үшін өзіне сеніп тапсырылған жауапкершілік саласында əкімдікке басшылық етеді;
2) Алатау қаласы əкімінің орынбасарларын, əкімі аппаратының басшысын жəне жергілікті мемлекеттік басқарудың жекелеген функцияларын жүзеге асыратын өзге де мемлекеттік органдарының басшыларын, оның ішінде білім беруді басқару органының бірінші басшысын жəне денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органының басшысын лауазымға тағайындайды жəне лауазымнан босатады;
3) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының əскери қызмет жəне əскери қызметшілердің мəртебесі, жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласындағы, азаматтық қорғау туралы заңнамасының орындалуын ұйымдастырады жəне қамтамасыз етеді;
4) аумақтық полиция органының алдына құқық бұзушылық профилактикасы, қоғамдық тəртіпті сақтау жəне жедел-іздестіру қызметі мен процестік қызметке араласпай жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді қояды, жылына бір реттен сиретпей аумақтық полиция органы басшысының тиісті есептерін тыңдайды;
5) Қазақстан Республикасының Президентіне тиісті адамдарды мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы ұсыну енгізеді;
6) Алатау қаласының мəслихатына тиісті адамдарға құрметті жəне өзге де атақтар, оның ішінде «Алатау қаласының құрметті азаматы» атағын беру туралы ұсыну енгізеді;
7) Кеңестің шешімі бойынша əкімдіктің жекелеген іске асыру жəне (немесе) бақылау функцияларын жүзеге асыруды əкімшілікке немесе əкімшілік органдарына береді.
10. Алатау қаласының əкімін лауазымынан Кеңес босатады.
Алатау қаласының мəслихаты Алатау қаласының əкіміне сенімсіздік білдірген жағдайда Алматы облысының əкімі Алатау қаласының əкімін лауазымнан босату туралы мəселені дереу Кеңестің қарауына шығарады.
25-бап 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
25-бап. Орталық мемлекеттік органдардың Алатау қаласындағы қызметі
1. Орталық атқарушы органдар қызметтің тиісті салаларында басшылықты жүзеге асырады жəне Алатау қаласында өз функциялары мен өкілеттіктерін тек қана денсаулық сақтау жəне білім беру, əлеуметтік қамсыздандыру, қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік жүйесінің объектілеріне жəне республикалық жəне жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын өзге де объектілерге қатысты іске асырады.
2. Алатау қаласындағы қызметтің осы Конституциялық заңмен жəне Кеңестің шешімі бойынша əкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерімен реттелетін салаларында тиісті орталық атқарушы органдардың басшылық етуі мен функциялары жүзеге асырылмайды.
3. Орталық мемлекеттік органдар мен орталық мемлекеттік органдардың Алматы облысы бойынша аумақтық бөлімшелерінің осы Конституциялық заңмен реттелмейтін заңнама салаларындағы функциялары мен өкілеттіктері Алатау қаласында толық көлемде сақталады жəне əкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерімен шектелмейді.
4. Кеңестің шешімі бойынша Алатау қаласында осы Конституциялық заңмен реттелмейтін заңнама салаларында басшылық пен қызметті реттейтін жəне жүзеге асыратын орталық мемлекеттік органдардың жеке аумақтық бөлімшелері құрылуы мүмкін.
26-бап 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі
26-бап. Əкімшіліктің Алматы облысы мен Алматы қаласының жергілікті атқарушы органдарымен өзара іс-қимыл жасауы
1. Алатау қаласының дамуына жəрдемдесу мақсатында Алматы қаласының жəне (немесе) Алматы облысының жергілікті атқарушы органдары əкімшілікпен жергілікті маңызы бар мəселелерді бірлесіп шешу туралы екіжақты немесе үшжақты келісім жасасуға құқылы, онда мыналар айқындалуы мүмкін:
1) Алатау қаласында, Алатау қаласының қала маңындағы аймағында немесе Алматы облысының жəне (немесе) Алматы қаласының өзге де жерінде көліктік, энергетикалық объектілерді жəне өзге инфрақұрылым объектілерін жобалауды, салуды, реконструкциялауды жəне (немесе) жөндеуді бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру;
2) Алматы қаласының, Алматы облысының жергілікті бюджеттері мен əкімшілік бюджетінің өзара қарым-қатынастары;
3) мемлекеттік-жекешелік əріптестік жобасын бірлесіп немесе ілеспе түрде іске асыру;
4) мемлекеттік инвестициялық жобаны іске асырудың өзге де шарттары мен салдары.
2. Жергілікті маңызы бар мəселелерді бірлесіп шешу туралы келісімнің мазмұнын, оны жасасу тəртібін, сондай-ақ оның іске асырылуы туралы есептілікті реттеу Кеңестің шешімі бойынша əкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
3. Жергілікті маңызы бар мəселелерді бірлесіп шешу туралы келісімнің тараптары ондағы қарым-қатынастарды Алатау қаласы заңнамасының қолданылуға тиіс актілеріне бағынысты ете алады, өйткені бұл Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимдегі тыныс-тіршілігінің аумақтылық қағидатына қайшы келмейді.
4. Егер Кеңес көрсетілген келісімді Алматы қаласы жəне (немесе) Алматы облысы əкімдерінің қарсылығынсыз бекітсе, мұндай келісімді жасасу талап етілмейді.
5. Алматы облысы мен Алматы қаласының əкімшілігі мен жергілікті атқарушы органдары Алатау қаласының қала маңындағы аймағының қызметін реттеу жəне оны пайдалану мəселелері жəне Алатау қаласының тыныс-тіршілігі мен оны дамытуды инфрақұрылымдық қамтамасыз етуге бағытталған өзге де мəселелер бойынша жекелеген бірлескен актілер қабылдауға құқылы.
27-бап 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі
27-бап. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының Алатау қаласының тыныс-тіршілігі мен оны дамытуға жəрдемдесуі
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі, орталық мемлекеттік органдар, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын жəне есеп беретін өзге де мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимдегі тыныс-тіршілігі мен оны дамытуды жəне оның мақсаты мен міндеттерінің осы Конституциялық заң мен əкімшіліктің нормативтік құқықтық актілеріне сəйкес іске асырылуын нормативтік кұқықтық жағынан қамтамасыз етеді, сондай-ақ оған өзге де əкімшілік жəрдем көрсетеді.
2. Қазақстан Республикасының Конституциясы, осы Конституциялық заң жəне осы Конституциялық заңға қайшы келмейтін бөлігінде Қазақстан Республикасының өзге де заңдары нормативтік құқықтық қамтамасыз ету мен осы бапта көзделген өзге де əкімшілік жəрдемдесудің құқықтық негізін құрайды.
3. Нормативтік құқықтық жағынан қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының жекелеген заңға тəуелді нормативтік құқықтық актілерін қабылдау арқылы жүзеге асырылады.
Көрсетілген заңға тəуелді нормативтік құқықтық актілер арнаулы құқықтық режим туралы заңнаманың құрамына кіреді жəне тек қана осы Конституциялық заң мен Алатау қаласы заңнамасының құрамына кіретін өзге де нормативтік құқықтық актілердің Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының құзыреті шегінде іске асырылуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимдегі тыныс-тіршілігі мен оны дамытуды қамтамасыз етуге байланысты мемлекеттік рəсімдерді жəне оның шегінен тысқары жерлердегі өзге де қатынастарды реттеуге бағытталған.
Көрсетілген заңға тəуелді нормативтік құқықтық актілерде Алатау қаласының заңнамасында Алатау қаласы органдарының құзыретіне жатқызылған мəселелер бойынша, сондай-ақ осындай қызметті жүзеге асыруға тікелей байланысты өзге де мəселелер бойынша Алатау қаласындағы қызметті дербес реттеу белгіленбейді жəне осындай қызметті жүзеге асыруға қойылатын талаптар, шарттар, шектеулер немесе өзге де рұқсат беру шаралары белгіленбейді.
4. Арнаулы құқықтық режим туралы заңнаманың құрамына кіретін заңға тəуелді нормативтік құқықтық актілер Алатау қаласы заңнамасының актілерімен бірге Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде орналастырылуға тиіс.
5. Арнаулы құқықтық режим туралы заңнаманың құрамына кіретін заңға тəуелді нормативтік құқықтық актілер əкімшіліктің тиісті сұрау салуы келіп түскен күннен бастап екі ай ішінде дайындалады жəне оңайлатылған тəртіппен қабылданады.
6. Арнаулы құқықтық режим туралы заңнаманың құрамына кіретін Қазақстан Республикасының заңға тəуелді нормативтік құқықтық актілерін оңайлатылған түрде дайындау мен қабылдау тəртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
7. Орталық мемлекеттік органдар мен Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын жəне есеп беретін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары шығаратын, арнаулы құқықтық режим туралы заңнаманың құрамына кіретін заңға тəуелді нормативтік құқықтық актілер əкімшілікпен келісілуге тиіс.
8. Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимдегі тыныс-тіршілігі мен оны дамытуға өзге де əкімшілік жəрдемдесу өзге шаралардан басқа:
1) əкімшіліктің жазбаша сұрау салуы бойынша екі ай ішінде арнаулы құқықтық режим туралы заңнамада көзделген қажетті функцияларды орындау үшін орталық мемлекеттік органдардың немесе Алматы облысы мен Алматы қаласының жергілікті атқарушы органдарының арнаулы құрылымдық жəне (немесе) аумақтық бөлімшелер құруынан;
2) əкімшіліктің тиісті жазбаша сұрау салу жіберілген күннен бастап бір ай ішінде нормативтік емес құқықтық актілердің, шешімдердің қабылдануынан жəне Алатау қаласының цифрлық, инженерлік жəне өзге де инфрақұрылымын Алматы облысы, Алматы қаласы əкімдігінің немесе орталық мемлекеттік органның, оның ішінде квазимемлекеттік сектор ұйымдарының басшылық етуіндегі, басқаруындағы жəне (немесе) меншігіндегі тиісті инфрақұрылым мен жүйелерге интеграциялау, қосу жəне олардың жұмыс істеуі үшін қажетті əрекеттердің жүзеге асырылуынан;
3) Қазақстан Республикасының Үкіметі мен орталық атқарушы органдардың Алатау қаласының даму стратегиясына сəйкес Алатау қаласының экономика секторларына инвестициялар тарту басымдығын қамтамасыз етуінен жəне осы мəселелерді əкімшілікпен үйлестіруден, оның ішінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары мен осындай жүйеге кірмейтін өзге де құжаттарды дайындау жəне қабылдау кезіндегі үйлестіруден;
4) орталық мемлекеттік органдардың Алатау қаласының эксперименттік құқықтық режимдері шеңберінде инновациялық технологиялар мен шешімдерді сынақтан өткізу жəне ендіру үшін аумақты жəне арнаулы құқықтық режимді пайдалануды ілгерілетуінен байқалады.
9. Қазақстан Республикасы Президентінің жəне Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде орталық мемлекеттік органдардың, Алматы облысы мен Алматы қаласының жергілікті мемлекеттік басқару органдарының, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің жəне Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын жəне есеп беретін өзге де мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор ұйымдарының лауазымды адамдарының осы баптың ережелерін бұзғаны, жəрдемнің болмағаны немесе осы Конституциялық заңның талаптарын бұза отырып немесе Алатау қаласының органдарына арнаулы құқықтық режимнің міндеттерін орындау үшін өз функциялары мен өкілеттіктерін жүзеге асыруда кедергі келтіруге бағытталған өзге де əрекет жасағаны үшін тəртіптік жауаптылығы белгіленеді.